Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды

Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде алаяқтық қылмысы кең таралуда. Ал тәртіп сақшылары аталмыш қылмыстың алдын алып, болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс атқарып келеді. Өткен жылы алаяқтық бойынша 529 қылмыс тіркелсе, биыл 406 қылмыс тіркелген. Мәселен, Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол жақын таныс емес әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни, денсаулығына байланысты мүгедектікпен зейнетке шығарып беремін деген алаяқ 500 мың теңге ақшасын алған. Содан ақшаны иемденген алаяқ “ізін суытқан”. Аталған жайтты полция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін төлебилік полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті жергілікті мекенжайынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілді.

Анықталғандай, күдікті, яғни жас келіншек бұған дейін де алаяқтықпен тұрғындардың ақшасын алып, өз қажетіне жұмсап отырған. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.