ШҚО-да заңсыз өндірілген 15 мыңнан аса шөлмек ішімдік тәркіленді

Azattyq Rýhy

Антисанитариялық жағдайда дайындалған

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері өңірлік Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірге 2022 жылғы 20 сәуірде Өскемен қаласының аудандарының бірінде алкоголь өнімін заңсыз өндіру дерегін анықтады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антисанитариялық жағдайда күшті спирттік ішімдіктерді дайындаудың толық циклі ұйымдастырылған.

«Тексеру барысында 2145 дана «Түркістан» коньягы, 12 945 дана коньяк бұйымдары, 620 дана «ОША» арағы, 4 000 дана бос шыны бөтелке ыдысы, 15 000 дана арақ қалпақшалары, 2 дана қақпақтарды мөрлеуге арналған құрылғы, сорғы мен шлангтарға қосылған 500 литрден астам спирт сұйықтығы бар пластикалық ыдыс табылды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабы «Акцизделетiн тауарларды сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді», - делінген комитет хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 463-ші «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

«Алкоголь өнімдері мен спирттің заңсыз айналымы ел экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді және халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымының негізгі үлесін спирттік ішімдіктерді дайындау және өткізу саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызмет деректері құрайды», - деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.