Қызылордада телефондарды палауға жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған ер адам ұсталды
Аталған дерек бойынша материалдар сотқа жолданды

Қызылордада телефондарды палауға жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада ЗК-169/1 мекемесінің сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесінде ыстық тағам арасына бірнеше ұялы телефон салып өткізбекші болған азамат ұсталды. Ә. есімді азамат Қызылорда қаласы ЗК-169/1 мекемесінде қамауда отырған, ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша айыпталушы 28 жастағы Б. есімді танысына сәлем-сауқат алып келген. Тексеру барысында палаудың ішінен үш телефон және бір қуаттағыш, үш SIM-карта тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес (Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) әкімшілік материалдар жиналып, сотқа жіберілді.