Ақмола облысындағы ауылда рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары үшін әкімнің орынбасары жазаланды

Azattyq Rýhy

Тайтөбе ауылында жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар тиісті шара қабылдамаған

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысының Тайтөбе ауылында рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары үшін әкімінің орынбасары жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облысы бойынша Экология департаментінің маманы Күләш Рахимованың айтуынша, облыста заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының саны жеткіліксіз. Сонымен бірге, өңірде бірде бір қоқыс өңдеу зауыты жоқ. Қазіргі облыс аумағында 130 қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі болса (тек жер актісі бар), оның 24-де ғана рұқсат құжаттары бар.

«Тұрмыстық қалдықтар көбінесе қала немесе елді мекен сыртындағы полигондарға шығарылады. Сонымен қатар полигондардың көлемі жылдам ұлғайып, жақын арада жақын елді мекендерге жетеді. Полигондардың салдарынан қоршаған ортаның экологиялық жағдайының нашарлауы адамдардың денсаулығына кері әсер етеді және қауіпті ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Осындай рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі Целиноград ауданының Тайтөбе ауылы аумағында пайда болды. Бұл бір жылда ғана емес, бірнеше жылда жиналған қоқыстар», - дейді Күләш Рахимова.

Бұл жағдайға байланысты Тайтөбе ауылында жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар тиісті шара қабылдамаған. Осыған байланысты лауазымды тұлғалалар мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары жазаға тартылған.

«Өткен жылы Экология департаменті тексеріс қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқбұзушылық туралы кодекстің 344-бабы бойынша рұқсатсыз орналастырылған қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша шаралар қабылдамағаны үшін Целиноград ауданының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығының бөлім басшысының міндетін атқарушы В.Асамбаев әкімшілік жазаға тартылды. Биыл дәл осындай әкімшілік жазаға Целиноград ауданы әкімінің орынбасары тартылды. Сонымен бірге, Тайтөбе кентінде қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз орналастыруға қатысты «Қосшытазалық» ЖШС-не (қоқыс шығарушы компания) қатысты тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығы жазаланды», - деп толықтырды Күләш Рахимова.

Маманның ақпаратына қарағанда, Целиноград ауданының әкімдігімен рұқсатсыз орналастырылған қоқыс тастайтын жерлерді жою үшін облыстық бюджеттен 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді.

«Целиноград ауданының әкімдігі Тайтөбе ауылы маңындағы үйінділерді сұрыптау және одан әрі қалпына келтіру жолымен жою бойынша тиісті шаралар қолға алынатын болады. Сонымен бірге, осы аумаққа одан әрі қоқыс тастамау үшін шлагбаум қойылады», - деп түйіндеді ол.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.