Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 млн теңге төленеді
Қазір облыста ҰОС-ның 17 ардагері тұрады
Павлодар облысында Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 млн теңге төленеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бүгінде облыста ҰОС-ның 17 ардагері тұрады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлім етті.
«Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне 1 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Дәстүрлі түрде облыс басшылығы ардагерлерге барып құттықтайды. Жеміс себеті сыйға тартылады», - делінген басқарма таратқан хабарламада.
ҰОС-қа қатысқан 17 ардагердің 9-ы Павлодар қаласында тұрады. Ең үлкені 103 жастағы Ефим Петренко қазір Шарбақты ауданының орталығында тұрып жатыр.
Сонымен қатар, облыста жеңілдіктер бойынша екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа санаттағы 6,7 мың азамат бар. Оларға жалпы сомасы 554,8 млн теңгеден астам біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.