Кәсіби спортшыларға 81 млрд теңге, ал халыққа небәрі 1 млрд теңге бөлінді – Перуашев

Өз балаларымызға қарағанда легионерлерге 80 есе көп ақша бөлінеді

Кәсіби спортшыларға 81 млрд теңге, ал халыққа небәрі 1 млрд теңге бөлінді – Перуашев
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бюджетті жоспарлау кезінде қажетсіз шығындарға жол берілген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту. Қазірдің өзінде қаңтар оқиғасынан ешнәрсе үйренбеген шенеуніктердің ескі амалдары мен ескі тәбетін жиі көреміз. Мәселен, Миялы ауылында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысына 584 млн теңге жоспарланған, яғни бір миллион үш жүз мың доллар. Миллион долларға екі көлікке арналған бокс емес, жарты ауыл сатып алуға болады. Осы мәселелерді фракцияда талқылаған кезде аудандық мәслихат депутаттарының бірі оның орнына 100 млн қосып, үш ауысымның орнына толыққанды ауыл мектебін салуға болатынын айтқан еді. Бірақ шығынды негіздеуді сұраған кезде барлығы «жобалық-сметалық құжаттамада келісілген, сараптама да мақұлданған» деп жауап береді. Бұл байламның қалай жұмыс істейтінін бәрі бұрыннан біледі: тапсырыс беруші – жобалаушы-мердігер, олардың әрқайсысы жобаның құнын «көбейтуге» мүдделі», дейді депутат.

Оның айтуынша, бюджетте күмән тудыратын шығындар бар. Биыл кәсіби спортшыларға 81 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр. Ал бұқаралық спортқа бар болғаны 1 млрд 370 млн теңге бөлінеді.

«Яғни біз өз балаларымызға қарағанда легионерлерге 80 есе көп ақша бөлеміз. Тағы бір мәселе, министрліктердің көбісі әртүрлі зерттеулер мен кеңес беру шығындарынан бас тартады. Бұл дұрыс, себебі саладағы жағдайды талдау және түсіну министрліктер мен олардың қызметкерлерінің тікелей міндеттеріне кіреді. Бірақ цифрлық даму министрлігі кенеттен консалтингке 953 миллион теңге, ал Ұлттық экономика министрлігі жалпы 1,5 миллиард жұмсау туралы шешім қабылдады», - дейді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.