$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Медициналық сақтандыру қорына қатысты жыл басынан бері Алматы тұрғындарынан 1000-нан аса шағым түсті

Сақтандыруға қатысты 10 түрлі жағдайда тұрғындар медициналық мекеменің үстінен шағымдана алады

Медициналық сақтандыру қорына қатысты жыл басынан бері Алматы тұрғындарынан 1000-нан аса шағым түсті
Фото: inbusiness.kz

Медициналық сақтандыру қорына шағымданатын тұрғындар саны көбейген. Осы жылдың үш айында Медициналық сақтандыру қорына Алматы тұрғындарынан 1018 шағым түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның басым бөлігі медициналық көмектің сапасы мен консультациялық-диагностикалық қызметті күту мерзімінің ұзақтығына қатысты. Тіптен кейбір медициналық мекемелер сақтандыру жарнасын алғанына қарамастан, тұрғындарға көмек көрсетуден бас тартқан. Филиал өкілдерінің айтуынша, пациенттер туындаған мұндай проблеманы алысқа ұзамай-ақ, емханадан-ақ шешуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина мекемесіндегі пациенттерді қолдау қызметінің көмегіне жүгіне алады.

«Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі бас дәрігерге бағынады. Оның міндеті қызмет көрсету сапасын жақсарту болып саналады. Сол себепті аудит қызметі медициналық көмектің пациенттерге толыққанды әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етуге, кемшіліктерді анықтап, дер кезінде жоюға мүдделі», - деді МСҚ Алматы қалалық филиалының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Шағымдар қордың fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы түскен. Әбілдаевтың айтуынша, сақтандыруға қатысты 10 түрлі жағдайда тұрғындар медициналық мекеменің үстінен шағымдана алады.

«Шұғыл көмек көрсету үшін сақтандырылған статусын талап етсе, сақтандырылмағандықтан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазудан бас тартса, емханаға тиесілі аумақта тұрсаңыз да учаскелік дәрігер/медбике үйге келіп қараудан бас тартса, салалық маманның жоқтығына байланысты немесе алдағы бір айда орын жоқ деген желеумен дәрігердің қабылдауына жазбаса, денсаулығыңызға қарай тиісті диагностикалық тексерулер мен зертханалық қызметтерге жолдама берілмесе, дәрігер дөрекілік танытса, көрсетілген медициналық көмектің сапасы көңілден шықпаған жағдайда шағымдана алады. Одан бөлек қойылған диагноз бен тағайындалған емнің дұрыстығына күмәнданған жағдайда медициналық деректерден қате табылса немесе көрсетілмеген қызмет «көрсетілді» деп жазылса, медперсонал қызметіне көңіліңіз толмаса ішкі аудит қызметіне жүгінуге болады», - деді МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары