Жыл басынан бері қазақстандықтарға 704,9 млрд теңге зейнетақы төленді

Azattyq Rýhy

Еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 245,6 мыңнан астам адамға жетті

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 704,9 млрд теңге зейнетақы төленді
Фото: inform.kz

1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 704,9 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы наурызда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,8 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.                                                                                            

«2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 245,6 мыңнан астам адамды құрайды. Ал зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 344 теңгені құрады», - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетсек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалған болатын.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

«Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді», - делінген хабарламада.

Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.