Қостанайда 662 миллион теңгеге салынған жағалау қирап жатыр
Ал мердігер компания өкілдері жағалауды қала тұрғындары қасақана қиратып жатыр деп ойлайды
Қостанайда қомақты қаражатқа салынған жағалау жарты жылға шыдас бермей, бұзыла бастады. Шаһардың көрікті жеріне айналады деген аумақтан жұрт айналып өтіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Ал мердігер компания өкілдері жағалауды қала тұрғындары қасақана қиратып жатыр деп ойлайды. Бес ай бұрын салынған жағалаудың бүгінгі жайы осындай. Гранит тастардан қаланған қабырғалардың кейбір тұстары жарылып, тас-талқаны шыққан. Ал тастөсемдері Тобылдың толқынындай тулап жатыр. Ұзындығы 300 метр. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден астам жағалауды жаңғыртуға 662 миллион теңге жұмсалған.
«Мердігер кепілдік міндеттері шеңберінде 3 жыл бойы қызмет көрсетеді. Тастөсемдердің опырылуы бойынша акт толтырылды. Гранит плиталар мен спорттық құрылғылардың қирауына байланысты арыз берілді. Енді құқық қорғау органдары нысанға қасақана нұқсан келтірген тұрғындарды анықтауы тиіс», - деді Қостанай қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.
Жағалауды «Сапа Құрылыс» компаниясы жаңғыртқан. Нысан жобалық құжатқа сай салынды, дейді мердігер. Жарты жылда қираған тұстарын қалыпқа келтіру үшін кемінде 2-3 миллион теңге қажет. Тәуелсіз комисия шығынды кім көтеретінін анықтайды.
«Тәуелсіз комиссия құрамыз. Солар арқылы кепілдік міндеттерге кіретін тұстарын, жұмсалатын қаражат көлемін анықтаймыз. Құқық қорғау органдарына өтініш жаздық. Бұл маңайға бейнебақылау камераларын орнатпаса болмайды», - дейді мердігер Қайрат Мұсабаев.
Жаңа жағалау көпшіліктің де көңілінен шығар емес. Тұрғындар балалар ойнайтын жердің олқы тұсы көп десе, жас скейтерлер спорттық жабдықтар мен алаңның мүлдем талапқа сай салынбағанын айтады.
Мердігер құны қымбат гранит тастарды қаскөйлер қасақана тас-талқан еткен деп отыр. Ал тастөсемдердің опырылып кетуіне қыс бойы бұл маңды қардан тазартқан коумманалдық кәсіпорындар кінәлі көрінеді. Қайткенмен жағалаудың қираған тұстарын аз уақытта қалыпқа келтіреміз деп сендірді.