Пандемия кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлері тиісті үстемақыны әлі алмай жүр
Мегаполистің бас дәрігері клиникаға, клиникадағылар басқармаға сілтеп отыр
Шымкентте пандемия кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне тиісті үстемақы төленбеген. Жекеменшік клиникадағы 70-тен астам адам қауіпті вирус өршіген кезде алға шепте болғандарын дәлелдей алмай жүргендерін айтады, деп хабарлайды astanatv.kz.
Ковид күшейіп тұрған кезде жұмыс істеген жетпістен астам медицина маманы шыдамдарының таусылғанын айтады. Былтыр жазда 1,5 ай қауіпті дертпен күрессек те, үстемеақы түгілі жалақы алмадық дейді.
«Бұйрық бойынша басында 850 мың надбавка төленеді деп айтылған. Сөйтті да 10-15 күнен кейін надбавка 420 мыңға түсті деді. Мейлі, халық үшін деп оғанда көндік. Бізге оклад 90-100 мыңның арасында болады деді. Оны да мейлі дедік. 1,5 ай жұмыс жасағаннан кейін бұйрықпен бізді жұмыстан шығарып жіберді. Он күннің ішінде сіздерге айлықтарыңызды береміз деп уәде берді. Біз он күн емес бір ай күттік», дейді медбике Ұлзада Жұманова.
Содан бері жарты жыл өтті. Мегаполистің бас дәрігері клиникаға, клиникадағылар басқармаға сілтеп, ортада доп боп жүрміз,- дейді жиналғандар.
Айтуларынша, былтыр жеке клиника енді ашылып жатқанда биліктегілер 100 төсек орындық инфекциялық стационар ретінде жұмыс істеуге көндірген көрінеді. Тіпті ол кезде лицензия алып үлгермегенімізге де қараған жоқ дейді.
«Позилов мырза 23-шілде күні бұйрық шығарады, ол жерде жұмысқа қабылдансын, жұмысшылар жасасын жұмыс. Бұйрықты шығармастан бұрын бірінші қаланың бірінші әкім орынбасары Мұқан мырза мен Позылов мырза екеуі кеп сол мекемені көріп, жұмысқа жарайды екен, жақсы мекеме екен деп «жұмысқа кірісе беріңдер, арғы жағын сендер еш уайымдамаңдар» деп ауызша уәделерін беріп кеткен болатын», деді медмекеменің заңды өкілі Ерболат Мырзақұлов.
Алайда сол уәде сөз күйінде қалды дейді қазір жұмыссыз жүргендер. Клиника қордаланған қарыздарына байланысты жабылған. Өйткені төсек орын, дәрі-дәрмек, құрал сайманның бәрін сөзге сеніп, өздері қарызға алыпты. Есептерінше, мекеменің 118 млн теңге берешегі бар.
Бұйрыққа сәйкес жұмыс жасағандықтан төлеу мәселесін сұраған кезде
«Сіздердің лицензия жоқтығын, жылдық жоспарда сіздер болмағансыздар» деген уәжбен қазір бас тартып отыр. Бұл бойынша прокуратураға арыздандық, әкімшілікке арыздандық», деп түсіндірді Ерболат Мырзақұлов.
Ал мегаполистің бас дәрігері сол кезде қиын қыстау заман болды. Олардың жұмыс істегенін ешкім жоққа шығарып тұрған жоқ, бәрін реттеймін дейді.
«Бізді де түсініңіздер, біз де еріккеннен ашқан жоқпыз ғой. науқастарды емдеу үшін, өмірін алып қалу үшін істедік біз. Егер мен соны ашпайтын болсам менде науқастар өледі, осы уақытқа дейін шырылдап жүргенін мен оны мойындаймын. Ешкім ешкімнен қашып жүрген жоқ», дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Бас дәрігер сот арқылы бәрі дәлелденеді дейді. Істелген жұмысты ешкім жоққа шығара алмайтынын айтты. Адвокатты да өзі жалдамақ. Істі соңына дейін жеткізу үшін тіпті әр сот отырысына қатысуға да уәде берді.