ШҚО-да миллиард қаржы құйылған су құбыры бес жылдан бері іске қосылмаған
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Шолпан ауылының тұрғындары ауыз судан тарығып отыр
Елді мекенді тіршілік нәрімен қамтитын жоба ұзаққа созылып кеткен. Тұрғындар бес жыл бойы құрғақ уәдемен өмір сүріп келеді. Ал миллиард қаржы құйылған жаңа су құбырының құрылысы бірнеше мәрте тоқтатылған. Бәріне мердігер ұйым кінәлі көрінеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Хабар 24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл халқы тас талқаны шыққан жолдар мен қазылған көшелерден де әбден мезі болған. Сенбі Нұркенов ауылдың басқа тұрғындары сияқты суды ескі әдіспен алады. Елді мекенге орталық су жүйесі келетінін естіп қуанғаны не керек? Әлеуметтік маңызды нысанның құрылысы тағы да тоқтап тұр.
«Жер астынан 4,5-5 метрде су бар бізде колонкада. Бірақ ол енді темір труба бұрынғы қағылған. Құрт шығып жатыр талдың құрты анау-мынау. Енді мына ауыз су басталғаны екі жыл болды міне. Зайсаннан келді, бастады да тастады. Одан кейін тағы да подрядчиктер келді. Бастады, бірақ қосылған жоқ әлі», дейді Шолпан ауылының тұрғыны Сенбі Нұркенов.
Орталық су жүйесіне 260 абонент қосылуы керек еді. Көптен күткен таза су келмеді. Есесіне көшелерді бойлай қазылған орлар пайда болды. Құны 600 миллион теңге тұратын әлеуметтік нысанның құрылысын бес жылда бір де бір мердігер соңына жеткізбеген. Шенеуніктердің айтуынша, алғашқы ұйым өрескел қателіктер жіберіпті. Сол себепті құрылыс заңсыз деп танылды. Одан кейінгі мердігерлер нысанды өткен жылы тапсыруы тиіс болған. Құрылыс уәделі уақытта аяқталмады.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, осы 21 жылы. Бірақ енді тек қана абоненттерге тарту қалды ауылда. Енді сол жұмыстар былтыр, міне, жаңағы жерді мына абоненттердің аз болуына байланысты, қосылуына байланысты мына қатып қалатын болғандықтан, оны біз тоқтата тұрдық. Осы сәуір айынан бастап осы жұмысты қайтадан жандандыратын боламыз», деді Шолпан ауылдық округінің әкімі Еркін Оспанов.
Бір жарым мыңдай тұрғыны бар ауылды сумен жабдықтау жұмыстарын жергілікті атқарушы билік сәуір айының соңына қарай аяқтауға уәде берді. Жобаны аяғына дейін жеткізуге 400 миллион теңге қосымша қаражат бөлінген. Тұрғындарды ауыз судан бөлек жол сапасы да алаңдатып отыр. Халықты бос уәдемен алдарқатып үйренген шенеуніктердің сөзіне сенсек, күре жолға асфальт 2024 жылы төселеді.