Білім министрінің сынына ілінген Шымкенттегі ЖОО ақыры лицензиясынан айрылды
Оның студенттері енді басқа оқу орындарына ауыстырылады

Сот Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетті лицензиясынан айырды, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, университет Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеттің ұйғарымын орындамаған. Осыған байланысты Комитет университетті білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінген. 9 қаңтарда Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты комитеттің нұсқамасын қанағаттандырып, жоғары оқу орнын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады.
Қазір министрлік аталған университеттің студенттерін өзге оқу орындарына ауыстыру мәселесімен айналысып жатыр. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Студенттерді ауыстыру жұмыстары заңға сәйкес, демалыс уақытында жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз: «Университет жабылады деген бос сөз» - ректор министрдің мәлімдемесіне жауап берді
Айта кетейік, былтыр БҒМ бірнеше универстетке жоспардан тыс тексеру жүргізген. Олардың қатарында Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет те бар. ЖОО-ны тексеру барысында талапкерлерді шығармашылық емтихандарсыз, 086-У нысанындағы медициналық анықтамасыз, ҰБТ сертификатының түпнұсқасынсыз және бейінді пәндерді есепке алмай қабылдау фактілері анықталған.