«Университет жабылады деген бос сөз» - ректор министрдің мәлімдемесіне жауап берді
АӘИУ ректоры Azattyq Rýhy-на пікір білдірді

Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет ректоры Сандыбай Боранбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың жоғарғы оқу орыны жабылуы мүмкін деген мәлімдемесімен келіспейді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Боранбаевтың айтуынша, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес министрлік тексеру өткізген соң, оқу орнына бірнеше ескерту жасалған.
«Біз осы бағытта тынымсыз жұмыс істеп, кемшіліктерді жоюға тырысып жатырмыз. Енді 15 желтоқсанға дейін тағы да комиссия келеді деп күтіп отырмыз. АӘИУ-дің лицензиясын тоқтату туралы шешімді сол комиссия қарайтын болады. Ал «университет жабылыпты, тоқтапты» деген бос сөз. Министрліктен келген комиссия бізден бөлек көптеген ЖОО-ыны тексерді. Тіпті, таяуда ғана олардың біріне қайта тексеру жасап, жіберілген кемшіліктерді түзету үшін екінші мәрте бір ай уақыт берген», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «қара тізімге» ілінген оқу орындарының тізімін жария етті. Оның ішінде Шымкенттегі аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет те бар. Егер, бір ай мерзім ішінде кемшіліктер жойылмаса министр оқу орындарын сотқа беретіндерін айтқан.
Бүгінде, еліміздің заңнамасына сәйкес, жоғары оқу орындары сот шешімінен кейін ғана жабылады. Егер Білім және ғылым министрлігі өзінің "қара тізіміне" енген университеттер мен институттарды түбегейлі жапқысы келсе, алдымен лицензиясының уақытын тоқтатады. Сол уақыт аралығында ЖОО көрсетілген кемшіліктерді түзетпесе, онда БҒМ сотқа жүгінуге мәжбүр. Сондықтан, Асхат Аймағамбетов осы құзыретті судьялардан тікелей министрлікке алуға ниетті екенін айтып отыр. Өйткені, лицензияны беретін министрлік болғандықтан, оның күшін жоятын да осы вдеомство болуы тиіс дейді министр.
Арай Есенбек, Шымкент