Алматыда шенділер балалар ойын алаңын сатып жіберген
9 қабатты үйдің алдына автобөлшек сататын дүкен мен техника жөндеу орталығы салынбақ
Алматыда 216 пәтерге тиесілі жалғыз балалар ойын алаңы сатылып кеткен деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 9 қабатты 8 кіреберісі бар үйдің алдына автобөлшек сататын дүкен мен техника жөндеу орталығы салынбақ. Жергілікті биліктің әректетінен түңілген тұрғындар Президенттен көмек сұрады.
Әуезов ауданы әкімдігінің табалдырығын тоздырған тұрғындар бүлдіршіндер ойнайтын жалғыз алаңқайды қайтармай тоқтамаймыз дейді. Даулы нысан Ақсай 3 «Б» мекен-жайындағы көпқабатты үйдің алдында орналасқан. Мұндағы 216 пәтерде жүзге жуық бала бар. «Аудан әкімдігі кезінде жерді сатып жіберіп, енді біздің қолдан түк келмейді» дегенді айтып отыр дейді ренжулі тұрғындар.
«Ұйқыдан оянсаң есік алдындағы аулаң сатылып кеткен. Балалар алаңының орнына көлік жөндеу орталығы салынбақ? Бұл не мазақ?», деп ашуланды көпқабатты үй тұрғындары.
Олардың айтуынша, 9 қабатты үйдің маңайы онсыз да сауда нысандарымен, көлік жөндеу орталықтарымен қоршалған екен. Балалар ойнайтын жалғыз алаң болған. Енді ол да жоқ.
«Бұған дейінгі сауда орындары біздің көпқабатты үйге тиесілі балалардың баскетбол ойнайтын алаңына салынған еді. Енді мына шағын алаңды тағы алып алмақшы. Есік алдында бос жердің жоқтығын біле тұра, шенеуніктер ойын алаңын кәсіпкерге сатып жіберген. Неліктен рұқсат бергенін түсіне алмай далмыз», - дейді Бағила Өтжанова есімді тұрғын.
Жердің меншік иесі екенін дәлелдейтін құжатын көрсеткен кәсіпкер балалар алаңын қоршап тастаған. Сатылған жердің жалпы көлемі 6 сотықтан асады. Тұрғындардың пікірінше, егер бұл аймақ көлік жөндейтін орталыққа айналса, қылмыс көбейіп, үйдің аумағы ластанады, тұрғындардың тыныштығы бұзылады екен.
Шағымданушы тарап жердің сатылып кетуіне аудан әкімдерімен қатар пәтер иелері кооперативінің де қатысы бар екенін айтып отыр. ПИК жерді сатып алған кәсіпкерден 1 миллион теңге алып, ол ақшаға үйді жөндеуден өткіземіз деп жоспарлаған. Алайда, тұрғындар үйдің күтімі мен жөндеуіне онсыз да ай сайын ақша төленетінін айтады.
«Біз Әуезов ауданы әкімдігінің жауабына қанағаттанбаймыз. Тұрғындар келісім берді деп көрсеткен қағаздары өтірік. Біз қол қоймадық. ПИК сыртымыздан әрекет істеген. Сонда біздің балалар қайда ойнайды? Тұрғындар да аулаға шығып демала алмайды. Ауламызды сақтап қалу үшін енді Президентке өтініш жазып жатырмыз», - дейді Айгүл Демеуова есімді тұрғын.
Әуезов ауданының әкімдігі болса жердің осыдан он жыл бұрын сатылып кеткенін, құжатының заңды екенін, сондықтан кәсіпкерге қарсы түк істей алмайтындарын жеткізді. Шенділер бизнес үшін балалар алаңын бұзбақшы болған компания туралы ақпарат бере алмаймыз дейді. Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының ақпаратынша, меншік иесіне құрылыс жүргізу туралы ешқандай рұқсат берілмеген.
«Аталған жер телімі жекеменшікке тиесілі. Меншік иесі бұған дейін тұрғындармен жиналыс өткізіп, рұқсатын алған. Кәсіпкер №2 үйге жөндеу жүргізу үшін ПИК-ке 1 миллион теңге бөліп, автотұрақ салуды мойнына алған. Балалар алаңында әзірге ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Қожайын автодүкен салуды жоспарлағанымен, басқармаға оның эскизін бекіттіру құжатын әлі ұсынбаған», - деді Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының баспасөз хатшысы Шолпан Махмұдова.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы