$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда астық тапшылығы жоқ – АШМ

1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна азық-түлік бидайы бар

Қазақстанда астық тапшылығы жоқ – АШМ
Фото: hipzmag.com

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылы Бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров азаматтарды астық пен ұнның ішкі нарығындағы қазіргі жағдай туралы хабардар етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі күні республикада ешқандай тапшылық жоқ, астық жеткілікті мөлшерде бар. Азаматтарды дүрлікпе тудырмауға, сондай - ақ жеке мүдделердің сұрақтарын халықтың қамы деп шатастырмауға шақырамыз», - деді Айдарбек Сапаров.

Алдын ала статистикаға сүйенсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна азық-түлік бидайы бар. Ішкі тұтынуды ескере отырып, бұл көлем жеткілікті.

Қазақстанда жыл сайын 3 млн тонна ұн өндіріледі, бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі, ал кейбір диірмендер тек экспортқа ғана жұмыс істейді.

Министрлік астық мөлшерінде ешқандай проблема көріп отырған жоқ, қазір мәселе оның бағасында болып тұр, деп атап өтті бірінші вице-министр.  Бірқатар ұн кәсіпорындары Ресейден бидайды арзан бағамен импорттаған. Ресей Федерациясы дәнді дақылдарын экспорттауға тыйым салғаннан кейін ұн өндірушілер ішкі нарықтағы сатып алуға ауыса бастады. Сәйкесінше ішкі нарықта астық бағасы өсті.

«Бұл ретте, қолда бар көлемнің 6,4 млн тоннасының ішінде 3,4 млн тонна өз өніміне жоғары баға алғысы келетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде сақталады. Фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, несиелік қажеттіліктерді өтеуге қаражат қажет екенін түсіну керек. Осыған байланысты астықтың әділ бағасы болған кезінде фермерлер қолда бар қорларды сататын болады», - деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сондай-ақ, ішкі нарықта тапшылықтың туындауын және ұн тартатын кәсіпорындардың жүктемесін болдырмау мақсатында бидай мен ұнның экспортын квоталауды 15 сәуір мен 15 маусым аралығында енгізу туралы шешім қабылданды. Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн - 300 мың тонна.

Ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде.

Айдарбек Сапаровтың ақпараты бойынша ұн қоры 118 мың тоннаны құрайды, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында 10,4 мың тонна, "айналым схемасы" шеңберінде 21,7 мың тонна, өндірушілерде 48,6 мың тонна, қоймаларда 19,4 мың тонна, сауда объектілерінде 17,9 мың тонна. Көрсетілген көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясының ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болған жағдайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады. Ұн тарту кәсіпорындарына 275 мың тонна көлемінде арзандатылған бағамен бидай сату жүзеге асырылуда.  

Серіктес жаңалықтары