$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.01.2020, 12:50
Жаңалықтар

Қытайдағы коронавирус: бокстан Ухань қаласында өтетін маңызды турнир кейінге шегерілді

Бұл жарыста Токио олимпиадасының 63 лицензиясы сарапқа салынады деп күтілген

Қытайдағы коронавирус: бокстан Ухань қаласында өтетін маңызды турнир кейінге шегерілді
Фото: vesti.kz

Ухань қаласында өтуі тиіс бокстан Азия аймақтық іріктеу турниріне белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Бұл туралы ақпаратты жарысты ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап Қазақстан ҰОК хабарлады.

3-14 ақпан аралығында Қытайдың Ухань қаласында бокстан Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирі өтуі тиіс болатын. Аталған турнирде ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде Токио Олимпиадасының 63 лицензиясы сарапқа салынады деп күтілген.

Ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, әрі қарайғы ақпаратты Халықаралық Олимпиада комитеті таратады.

«Ухань қаласында пневмонияның асқынуына себеп болған коронавирустың таралуына байланысты, адамдардың денсаулығына нұқсан келтірмеу мақсатында жергілікті ұйымдастыру комитеті турнирді кейінге қалдыруды жөн көрді», - делінген хатта.

Соңғы тараған ақпараттарда Қытайда тараған 2019-nCoV коронавирусынан көз жұмғандардың саны тоғыз адамға жеткені айтылады. 

Айта кетелік, 2020 жылғы Токио олимпиадасына іріктеу турнирі жаңа ереже бойынша өткізіледі. Жаңа ережеге сәйкес, боксшылар олимпиадаға жолдама алу үшін құрлықтық іріктеу сындарында бақ сынау қажет. 2020 жылдың ақпаны мен мамыры аралығында бокстан құрлықтық және әлемдік іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Африкадағы бәсеке 2020 жылдың 20-29 ақпаны аралығында Дакарда (Сенегал) , Еуропадағы іріктеу сыны 13-23 наурыз күндері Лондонда (Ұлыбритания) өтеді.  Америкалықтар 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Буэнос-Айресте (Аргентина) жолдамаға таласады. Ал әлемдік іріктеу турнирі мамыр айында Францияның Париж қаласында ұйымдастырылады.

Серіктес жаңалықтары