«Халық дәріні шетелден тасып ішеді» - депутат СК-Фармация жұмысын сынады
Бүгін Парламент Сенатында өткен комитет отырысында депутаттар елімізге дәрі жеткізетін бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» жұмысындағы кемшіліктерді атады
Сенатор Динар Нүкетаева халық отандық дәріханалардағы дәрілерге сенбейтінін айтты.
«Біздің азаматтарымыз шетелге шыққанда пакеттермен, сөмкемен, чемоданмен дәрі сатып алып келеді. Мүмкін бұл біздегі дәрілердің пайдасыз екендігінің көрінісі шығар. Біз әрқашан ОРЗ, ОРВИМЕН ауырғанда отандық дәрі - мукалтин алатынбыз. Ал, қазір оның құрамындағы қажетті затты алып тастапты», - деді ол.
Сенаттағы әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғанов Қазақстанға кей дәрінің «оригинал» нұсқасы келмейтінін айтты.
«Мен өзім тұтынған бір дәрінің мысалында нақты айта аламын. Оригиналы ғана пайдасын тигізді. Қалған елдерде, оның ішінде Қазақстанда шығарылғандарының дым пайдасы болған жоқ», - деді депутат бұл туралы.
«СК Фармация» елге келетін дәрілердің құрамы емес, тек қаптамасы ауысатынын айтып сендіргісі келді.
«Бір дәрінің сапасы барлық елде біреу. Германияда сатылатын аспирин Қазақстанда да тура сондай. Себебі оларды өндіретін зауыит - біреу. Олар миллиондаған таблетка шығарады. Тек сыртындағы қаптамасы ауысады. Қазақстанға бөлек, басқа елдерге бөлек қаптама жасайды. Бұл сапаға әсерін тигізбейді», - деп жауап берді компания өкілі Арнұр Нұртаев.
Сондай-ақ компания өкілі өсімдік шикізатынан жасалатын мукалтин құрамында қанттың болу-болмауы оның емдік күшіне әсер етпейтінін айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан