Шымкентте кассир ұрлығын жасыру үшін қарақшылық шабуыл ұйымдастырған
Ол 1 млн теңгені белгісіз біреу алып кетті деп полиция шақырған
Шымкентте шағын несие ұйымының қызметкері жалған қарақшылық шабуыл ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне шағын несие беру ұйымына шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен аудандық прокурорлар шықты.
Кассирдің айтуынша сағат 18.30 шамасында мекемеге көзілдірік және медициналық бетпердедегі 30-35 жастағы орта бойлы ер адам кіріп, пышақпен қорқытып, 1 млн теңгеге жуық ақшаны алып, белгісіз бағытта бой тасалаған.
«Сол күні шабуыл жайты бойынша тергеушілер ҚР ҚК-нің 192-бабымен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал криминалдық полицияның жедел уәкілдері күдіктінің жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Сыртқы қызметтердің жеке құрамын бағдарлап, жақын маңдағы дүкендердің сатушылары мен көп қабатты үйлердің тұрғындарынан сұрастырып, сипаттамасы бойынша фотороботты құрастырды. Күдіктінің белгілері бар бағдарлар көрші облыстарға да жіберілді. Нәтижесінде бір тәулік ішінде полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Азамат үйінен ұсталып, тиісті Полиция басқармасына жеткізілді», деп көрсетті ҚР ІІМ Медиа орталығы.
Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер ұрлықты жасыру мақсатында кассирдің қарақшылықты ұйымдастырғанын анықтады. Ол өзінің танысын қарақшылық ұйымдастыруға тартқан.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 419-бабына (Көрінеу жалған сөз жеткізу) сәйкес тергеу жүргізілуде.