Сенатта бюджет процестерін «қайта жүктеу» тетіктері зерделенді

Azattyq Rýhy

Сенаторлар блокқа бөлінетін бюджеттегі негізгі ерекшеліктер туралы айтып берді

Сенатта бюджет процестерін «қайта жүктеу» тетіктері зерделенді
Фото: senate.parlam.kz

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында бюджет процестерін «қайта жүктеу» және блоктық бюджетті енгізу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комитет төрағасы Серікбай Трұмов кездесуді аша келіп, қазіргі кезде Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және жақын арада бюджет заңнамасына тиісті түзетулер ұсынылатынын атап өтті.

Сенатор Нұрлан Бекенов кездесу барысында блокқа бөлінетін бюджеттегі негізгі ерекшеліктер туралы айтып берді. Ол мұндай тәсілдің негізгі қағидаты бюрократияны барынша азайту, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаражатты қайта бөлуде еркіндік беру және ұзақ мерзімді мақсаттарға баса назар аудару екенін атап өтті. Бұл жүйе әрбір министрліктің көп жылғы шығыстар жоспарын алуға негізделуі тиіс, ол бойынша қаражат стратегиялық бастамалар арасында өздігінен қайта бөлінетін болады. Яғни, жүйе министрліктер мен мекемелерге бюджетті дербес басқару құқығын беретін болады.

«Сонымен қатар, қазіргі уақытта блоктық бюджеттің жекелеген бөлшектері ғана енгізілетін болады. Ол үшін бюджеттік бағдарламаларды айтарлықтай ірілендіру, сондай-ақ бюджетті блоктар бойынша қалыптастыру керек. Сондай-ақ, шығыс лимитінің көлемін айқындау, бюджетті қалыптастыру және қаржыны басқару тәсілдерін қайта қарау қажет», - деді сенатор Бекенов.

Кездесуде Есеп комитетінің өкілдері де өз ұсыныстарын білдірді. Ондағы  ұсыныстардың қатарында тексеру комиссияларына астана, республикалық маңызы бар қалалар, облыстар және қалалар бюджеттерінің жобаларына алдын ала бағалау жөніндегі функция беру туралы да айтылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.