$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Самұрық Қазына» Тоқаевтың сынынан кейін қандай өзгерістер енгізді?

Президенттің ескертуінен кейінгі қордың атқарған шаруалары мен сарапшылар пікірі

«Самұрық Қазына» Тоқаевтың сынынан кейін қандай өзгерістер енгізді?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының пайдасынан зияны көп екенін айтып, қорға ауқымды реформа қажет екенін айтқан болатын. «Самұрық-Қазынаның» басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевке бір ай уақыт беріп, шаруаны тындыра алмаса, қызметінен кетіп қана қоймай, ұлттық компания да жұмысын тоқтататынын кесіп айтқан еді. Тоқаевтың тапсырма бергеніне қазір екі айдан аса уақыт өтті. Осы аралықта қор қандай бастамаларды іске асырды және депутаттар мен сарапшылардың қордың реформалануына қатысты пікірін Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді.

Президент сынынан кейін атқарылған шаруалар

Президент тапсырмасынан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыратындығын мәлімдеді. Қордың сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес директорлар кеңесі қордың сатып алу рәсімінің жаңа жобасын бекітті. Бұл тұжырымдамада басқа құжаттарға сілтемесіз барлық сатып алу рәсімдерінің сипаттамасы қамтылыпты.

«Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру негіздері қысқартылды, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ субъектілерін қолдаудың жаңа шаралары енгізілді. Кадр саясаты толығымен реформаланды. Бұл ретте, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді, онда басқарушылық 10-нан 5-ке дейін және әкімшілік 248 адамнан 124-ке дейін яғни, персонал екі есеге қысқарған. Сәйкесінше, құрылымдық бөлімшелердің саны 33%-ға оңтайландырылды. Яғни, 27-ден 18-ге дейін. Қазірдің өзінде Қордың еншілес мекемелерінде сатып алулар бойынша осы салаға жауапты 55 басшы деңгейіндегі қызметкер босатылды», - делінген хабарламада.

Бұған қоса, енді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша басшылық лауазымға үміткерлердің әрқайсысы қауіпсіздік және сәйкестік қызметтерімен тексеріледі екен.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық Энерджи» және «Қазақстан темір жолы» компанияларының бұрынғы басшыларына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу Қордың қазіргі лауазымды тұлғаларына ешқандай қатысы жоқ деген мәлімет шықты.

Қолға алынған өзгерістердің қатарында Қоғамдық кеңестің жұмысы артады делінген.

Құрамындағы компанияларды жекешелендіруге шығару мәселесі

«Енді әрбір қазақстандық «Самұрық-Қазына» АҚ қызметіне қатысты өз ұсынысын айта алады. Ресми сайттың арнайы бөлімінде Қоғамдық кеңестің келесі отырысында мұқият қаралатын реформаның негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарын жолдауға мүмкіндігі бар. Талқылау нәтижелерін осы жылдың сәуір айында көпшілік назарына шығару жоспарлануда», - делінген хабарламада.

Әрине, реформа болған кезде жоспар құрылып, белгілі көрсеткіштер бекітілді. «Самұрық-Қазына» жаңа стратегия жүзеге асырылатын 3 жыл ішінде шамамен 8,2 миллиард доллар инвестиция тартуға, кемінде 10 мың жұмыс орнын ашуға және 24 жаңа өндіріс орнын іске қосамыз деп отыр.

«Самұрық-Қазынаға» қатысты айтылған ең үлкен сындардың бірі құрамындағы компанияларды жекешелендіруге шығару. Бұл қанша жылдан бері жоспарланса да іске аспай келе жатқан бастама. Реформа кезінде приватизация қор атқаруы тиіс негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

Реформалау бағдарламасы аясында қолайлы нарықтық жағдайды ескере отырып, ыңғайлы мерзімде қордың бірнеше компаниясын IPO-ға шығаруды көздейді. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Air Astana» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» АҚ бар.

Мәжіліс депутат Ғазиз Құлахметов: «Самұрық-Қазына» қанша тырысса да сөзсіз «Тemasek» болуы екіталай.

«Самұрық-Қазынаны» қалай ұтымды трансформациялау қажет екендігін қордың бүгінгі менеджменті де, үкімет те толық білмейтін сияқты. Егер нақты мақсат-жоспары анық болса, сасқан үйрек сияқты тек Президент тарапынан қор қызметіне қатысты айтылған сыннан кейін қызметкерлерін (штаттық кесте бойынша – 250, келісімшартпен штаттан тыс қанша адам болғаны жайлы ашық ақпарат жоқ) тек 50 пайызға қысқартып, сатып-алуға жауапты және сол қызмет жүктелген қарапайым мамандарды қысқартумен ғана шектелмеу қажет еді. Орайы келгенде, қор қызметін, оған бағынышты ұлттық компаниялардың қаржылық-шаруашылық, сатып алу, кадрлық т.б. толық қызметіне аудит кіргізіп, шынайы жағдайды көрсету туралы өздері ұсыныс білдіруі тиіс еді. Мемлекет басшысынан сөз естігенше, қорды тарату туралы өздері бірінші боп өтініш айтқанда, азаматтықтарына сүйсінер едім.

Қордың 2009 жылдың әлемдік дағдарыс қарсаңында (Самұрық пен Қазына қорларының қосылуы) біріктірілуі артық қаржы шығындарын тыйып, инвестициялық жобаларды үйлестіріп, үкімет тарапынан қадағалау үшін қажет болды деген ұстаным болса, ол миссияның бір мүшелге созылып кетуінен қолы ұзын қаржылық топтардан өзге ешкім ұтқан жоқ сияқты. Сөзімнің дәлелі ретінде, ұлттық компаниялардан қомақты тендер алып, дәулет жинаған адамдардың тұтқындалуы да бүгінгі күннің ащы шындығы. Жауапты азаматтар тексеруді одан да мұқият жүргізсе, бизнестің акулаларынан бөлек, көзге түсе бермейтін жыртқыш, шортандарды да ауға түсіруге болады.

«Самұрық-Қазына» қанша тырысса да сөзсіз «Тemasek» болуы екіталай. Оның объективті, субъективті себептері көп. Сондықтан, әл-ауқат қорына аңыз-ертегідегі Самұрық құс атының берілу астарында үлкен символизм жатқандай. Мемлекет экономикасының 60 пайызға жуық потенциалын қолына біріктіріп отырған Қор басшылығы Ұлттық компанияларға өзін-өзі басқару мүмкіндігін қайтарғаны орынды. Себебі, әрбір компания өзінің даму стратегиясын, кадрлық саясатын, өнім сатудан түскен табысын өндірістің қажеттілігіне, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсауы тиіс. 

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты: Самұрық-Қазына нақты пайдасы жоқ артық құрылым

Қазір «Самұрық-Қазынаны» реформалау мәселесі күрделі болып тұр. Бірақ ең негізгі мақсат қордың меншігіндегі кәсіпорындарды жекеге өткізу. Осыдан кейін ғана Үкімет және министрліктермен жекешелендірілген кәсіпорындар арасында Самұрық-Қазына сияқты құрылым қажет болмай қалады. Сондықтан қордың қазіргі орындап отырған құрылымын Қаржы немесе Ұлттық экономика министрлігінде ашуға болады. Мысалы, мемлекеттік меншікті басқару агенттігін құрса сол жеткілікті деп есептеймін. Бұл әлем елдерінде қалыптасқан жағдай. Жекешелендіру мәселесінде қорға кіретін компанияларды IPO-ға шығару, шетелдік және қазақстандық инвесторларға беру керек.

Самұрық құрылмағанға дейін де оның құрамына қазір кіріп отырған кәсіпорындар жұмыс істеген болатын. Бүгін мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындардың ЖІӨ-дегі үлесін 55 пайыздан 15 пайызға түсіру міндеті тұр. Осы ретте, жекешелендірілген кәсіпорындарды басқару мәселесі тек салық төлеумен ғана басқарылады. Басқаша олардың ісіне араласудың қажеті жоқ. Ал инвестиция жасау мәселесін мемлекет өзі шешеді. Меніңше, Самұрық-Қазына нақты пайдасы жоқ артық құрылым.

Азат Перуашев: Жемқорлық – «Самұрық-Қазынаның» сынның астында қалуының басты себебі

Алдымен «Самұрық-Қазына» бізге жалпы керек пе?» деген сауалға жауап берейін. Қажеті жоқ, тарқатайық десек, барша өндіріспен айналысатын мемлекеттік компаниялар тиісті салалық министрліктің қолына көшуі керек болады. Мысалы, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарамағына кіреді. Қазақстанда жалпы 4500 квазисектордағы компаниялар бар.

«Самұрық-Қазынаға» ұлттық компаниялар және оның құрамына кіретін еншілес компаниялар қарайды. Егер «Самұрықтың» керегі жоқ деп бас таратын болсақ, бұрынғы кеңес кезіндегі жоспарлы экономиканың әдістемесіне қайтып оралған болып саналамыз. Нарықтық экономикада нақты өндіріс және өнеркәсіппен айналысатын мекемелер мемлекеттік орган сияқты жұмыс атқармайды. Керісінше, нарықтық экономиканың субъектісі ретінде жұмыс істейтін болады. Яғни олар мемлекеттік органнан бөлек, тәуелсіз жұмыс атқаруы тиіс.

Мен «Самұрық-Қазынаның» жұмысын жалғастыру керек деп есептеймін. Мемлекет тарапынан ұлттық компаниялардың жұмысына баға беріліп отыр. Олар мемлекеттің мүддесіне бағынады. Ары қарай бұл жұмысты қор қандай бағытта жүргізе алады? Қазір қолға алынған басшыларды қысқарту мәселесі өте орынды деп есептеймін. Квазимемлекеттік сектор неге сынның астында қалып отыр? Ең бірінші мәселе – жемқорлық. «Самұрыққа» кіретін ұлттық компаниялардың еншілес ұйымдарының сатып алуы 95 пайызға дейін бәсекелестіктен тыс жол арқылы оның ішінде бір көзден сатып алу бойынша іске асты. Бұл әрине алдын ала келісіп қаражат жымқыру үшін жасалған схемалар. Осындай күдік тудыратын мәселелерге түбегейлі өзгеріс керек деп есептеймін. Бірақ қазір Қор басшылығы барлығын қалыпқа келтіреміз деп тырысып жатыр.

Серіктес жаңалықтары