Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусь азаматтары үшін қанша шот ашылды

Azattyq Rýhy

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусь азаматтарына жаппай шоттар ашылып жатыр-мыс» деген мәліметтер мен материалдардың жариялануына байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шот өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкінде жеке болуы арқылы, 1 215 шот қашықтан ашылған. Нәтижесінде, көрсетілген мемлекеттердің Қазақстан Республикасының банктерінде шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті»,- делінген агенттік хабарламасында.

Ресей Федерациясының резидент – заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Осы жылғы ақпанның соңынан бері банк шоттары 7 Ресей компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті. 

«Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген», - делінген хабарламада.

Осылайша, Ұлттық банктің 2016 жылғы 31 тамыздағы №207 қағидаларының талаптарына сәйкес шотты ашу офлайн режимде де, электрондық өтініш арқылы онлайн да жүргізілуі мүмкін.

Банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті.

Тиісті тексеру шеңберінде банктер:

- шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін идентификаттауды, оның ішінде алынған идентификаттау деректерінің дұрыстығын тексеруді;

 - іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеуді жүргізеді.

Бұдан басқа, Агенттіктің 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қағидаларында белгіленген тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптарға сәйкес комплаенс тәуекелді басқару мақсатында банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті.

Күшейтілген мониторинг шеңберінде күдікті мәмілелерді анықтау және тәуекелі жоғары транзакцияларға жол бермеу үшін банктер клиенттің ақшасының шығу көздерін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін қосымша талдайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.