Қарағанды облысында көлік қағып кеткен жігіт көз жұмды
Оны қағып кеткен жүргізуші полицейлердің ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға шығуға тыйым салғанын елемеген
Қарағанды облысының Осакаров ауданында 25 жастағы жігіт полицейлердің ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға шығуға тыйым салғанына қарамастан трассаға шығып, адам қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПД хабарлауынша, оқиға 17 қаңтарда болған. «Екатеринбург – Алматы» автожолында «Тойота Камри» автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі Қарағанды қаласының 27 жастағы тұрғынын қағып кетті. Көлік жүргізушісі зардап шеккен адамды Теміртау қаласының ауруханасына жеткізген. Жігіт сол ауруханада көз жұмған.
«Осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі тыйым салынғанына қарамастан жолға шығып кеткені үшін жауапкершілікке тартылады», - дейді ПД өкілдері.