Премьер-министр Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырды

Azattyq Rýhy

Әлихан Смайылов Бердібек Сапарбаевқа облыс дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысы мәслихат депутаттарына Жамбыл облысының әкімі лауазымына Нұржан Нұржігітовті тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсыныс-хатын оқып берді. Депутаттар ұсынылған кандидатураны бірауыздан мақұлдады.

Облыс активімен өткен кездесуде ҚР Премьер-министрі Бердібек Сапарбаевтың облыстың дамуына, ұлтаралық келісімді нығайтуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға қосқан үлесіне тоқталып, өңір басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

«Бердібек Машбекұлы екі жылдан астам уақыт ішінде бірқатар маңызды жобаларды іске асырып, Жамбыл облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бердібек Сапарбаев мемлекетіміздің іргетасын қалаған тұлғалардың бірі. Халыққа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсеткен сыйлы азамат. Мемлекет басшысының және жеке өзімнің атымнан Сізге көпжылдық қажырлы еңбегіңіз үшін зор алғысымды білдіремін!» — деді Ә. Смайылов.

Облыстың жаңа әкімін таныстыру барысында Әлихан Смайылов Нұржан Нұржігітовтің жауапты басшылық лауазымдарда атқарған үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

Үкімет басшысы өңір басшылығы алдына Жаңа Қазақстанды құру стратегиясын іске асыру аясындағы міндеттерді белгілеп, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді, әсіресе, ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытын орындау бойынша белсенді жұмыс атқару қажет. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстарды сапалы ұйымдастыру қажет. Облыста біраз жиналған мәселе барын жақсы білеміз. Жаңа облыс басшылығы Үкіметке оларды реттеу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуі керек. Нұржан Молдиярұлы өңір алдында тұрған барлық тапсырманы облыс активімен бірлесе отырып, сапалы ақтарады деп сенім білдіреміз», — деді ҚР Премьер-министрі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.