Түркістан облысында шұлығына есірткі жасырып өтпек болған шетел азаматы ұсталды

Azattyq Rýhy

Ол Қазақстанға «Жібек жолы» шекара бекеті арқылы өтпек болған

Түркістан облысында шұлығына есірткі жасырып өтпек болған шетел азаматы ұсталды
Көрнекі фото

Түркістан облысында «Жібек жолы» шекара бекеті арқылы Өзбекстан азаматы шұлығына есірткі жасырып, Қазақстанға өтпек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Анықталғандай, аталған шекара бекетінен өту кезінде, Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына қарай өтіп бара жатқан орта жастағы ер азаматқа «Кароша» атты қызметтік ит үріп, белгі берген. Содан шекарашылар бірден жедел тергеу тобын шақырады. Сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден құралған жедел уәкілдер ер адамның Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтады.

Оқиға орнына жеткен полицейлер күдіктіні тінту кезінде шұлығынан есірткі тектес затты тәркілеп алды. Алынған зат сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың 3 грамға жуық «гашиш» екені расталды.

Аталған дерек ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркелді.

Қазіргі таңда шетел азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде күдікті қамауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.