Елордада ерекше балаларды ұрып-соққан балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігі басқармаға жұмысын бастағаны туралы мәлімет жолдамаған
Елордадағы ерекше мұқтаждығы бар балаларға арналған «Сати» балабақшасында бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram -да жарияланған шағымда балабақшада балаларға жиі қол көтеріп, айғайлап ұрсатыны, тіпті бейәдеп сөздер айтылатыны туралы, тамақ пен балалардың күтімі де нашар екені айтылған.
«Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті балабақша тәрбиешісінің үстінен тәрбиеленушілерге қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу бастады», - деп жазылған басқарманың ресми мәліметінде.
Сондай-ақ, ведомство прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне аталған балабақшаның қызметін тексеру қажеттігі туралы хат жолдаған. Бұл мәселе ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында.
Қалалық білім басқармасының дерегі бойынша, балабақша - жеке меншік ұйым болып табылады, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемейді. Мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігі басқармаға жұмысын бастағаны туралы мәлімет жолдамаған. Қазіргі таңда онда 12 адам 60-тан астам баламен жұмыс істейді.