Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай дүниеден өтті

Azattyq Rýhy

Ол өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет етті

Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай дүниеден өтті
Фото ашық дереккөзден

Радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әбдірәлі Бөлебай Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Ерназар ауылында дүниеге келген. Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастаған.

Қазақ радиосында, Қазақ теледидарында диктор, дикторлар тобының жетекшісі, «Хабар» агенттігінде «Жеті күн» ақпаратты сараптау бағдарламасының және «Жаңалықтар» қызметінің жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық арнасы Астана филиалының дикторы, ҚР Президенті Телерадиокешенінің продюсері, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды.

Белгілі диктор өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет етті. Ол телерадиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман болды.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.