Жыл басынан бері Ақмола облысында 13 бала зорланған

Azattyq Rýhy

Соңғы жылдары мұндай қылмыс тым көбейген

Жыл басынан бері Ақмола облысында 13 бала зорланған
Фото ашық дереккөзден

Жыл басынан бері Ақмола облысында 98 бала тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Ең сорақысы, 13 бүлдіршіннің зорлануы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері соңғы жылдары мұндай қылмыстың көбейгенін айтады. Зардап шеккен балалар көпке дейін психологиялық соққыдан есеңгіреп жүреді. Сондықтан бұл қылмыс түрлерін тергеудің жаңа әдісі тәжірибеге енгізіліп отыр. Отбасындағы кикілжіңнің куәгері мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты құрбаны – балалар. Полицейлердің пайымынша әке-шешесі қол көтеріп немесе психологиялық қысым көрген бүлдіршіндердің қалыпты өмір сүруі үшін ұзақ уақыт керек.

Жағдайды ушықтырып, басына күн туған бүлдіршіннің көңіліне одан сайын қаяу түсірмеу үшін тергеу амалдары арнаулы орында жүргізілетін болды. Ол үшін өңірдегі 8 дағдарыс орталығында бөлмелер жабдықталған. 

Мамандар зардап шеккен балаларға дер кезінде психологиялық көмек көрсету қажет дейді. Уақытында қолдау таппаса, кейін кеш болуы да әбден мүмкін. Сондықтан жеткіншектердің дені дағдарыс орталығын «екінші үйі» деп санайды. Психологтар мен әлеуметтік жұмысшылар, дәрігерлер әрбір баламен жеке жұмыс істеп, кез келген тергеу амалдары мен сот ісіне бірге қатысады.

Зәбір көрген балалар орталықтан үйіне әбден оңалып қайтарылады. Алайда мамандар тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмайынша бұл отбасыларын қауіпсіз орта деп айта алмаймыз дейді. Себебі қазірдің өзінде өңірдегі 800-ден астам бүлдіршінің жанұясы арнайы есепке алынған. Полицейлер тұрақты түрде қадағалап отырғанымен балалардың бас амандығына, оның ішінде психологиялық қауіпсіздігіне кепілдік жоқ.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.