Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 11 жылға сотталуы мүмкін
Сот қылмыстық істі қараудың соңғы сатысына кірісті
Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев 11 жылға, оның сыбайласы 8 жыл 5 айға түрмеге қамалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сот қылмыстық істі қараудың соңғы сатысына кірісті.
Оларға Құлсары қаласындағы аурухананы пайдалануға беруге қабылдау барысындағы қамқорлығы үшін 185 млн теңге мөлшерінде пара алу және жемқорлық айыбы тағылған. Бүгінгі сотта ең бірінші болып прокуратура өкілі сөз сөйледі. Ол соттан сотталушыларға қатысты барлық жеңілдететін және ауырлататын мән-жайды ескеруді өтінді.
Прокурор Нұрлан Таубаевты - 11 жылға, ал жасаған қылмысын жартылай мойындаған Тимур Басаровты - 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Заң органы өкілінің пайымынша, олардың екеуі де қоғамнан оқшаулануы тиіс. Сонымен қатар прокурор соттан екеуін де өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқарудан айыруды сұрап отыр.
Еске сала кетейік, Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров 2020 жылдың қыркүйегінде қамалған болатын.