Ақтөбе облысында су тасқыны басталғалы бес елді мекенде жол қатынасы тоқтады
Қазір облыста судан құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ақтөбе облысында су тасқыны басталғалы бес елді мекенде жол қатынасы тоқтады. Өңірде қауіп әлі сейілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Облыстың 5 елді мекенінде әлі жол қатынасы жоқ. Олар — Байғанин ауданының Миялы және Оймауыт ауылдары, Қобда ауданындағы Өтек ауылы мен Ойылдағы Ақшатау және Көптағай ауылдары.
Тасқыннан негізінен Ақтөбе қаласының шетіндегі ықшамаудандар зардап шегіп отыр. Су тасығаннан бері қалада 46 үйді, Мәртөк ауданында 10 үйді су басты.
Кеше АХҚЗ бау-бақша ұжымында 15 үйді су алып, 35 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 10 бала бар. Ал ВОХР, Мағаджан шаруашылығы, Қарғалы, Солнечный бау-бақша ұжымдарынан 22 адам құтқарылды. Песчанка өзенінің бойындағы 6 үй құтқарылды.
Жалпы су тасығаннан бері бүгінгі күнге дейін 77 адам эвакуацияланыпты. Оның ішінде 27 бала бар. Құтқарылған адамдар мектептерге орналасып жатыр.
Сондай-ақ кеше 880 қап инертті материал дайындалған. Нәтижесінде құтқарушылар Жіңішке өзенінің бойындағы 5 үй, Песчанка өзенінің бойындағы 6 үйді судан сақтап қалды.
Кеше және бүгін төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және Ұлттық ұланның әскерилері, яғни барлығы 509 адам мен 249 техника жұмылдырылды.
Бүгін таңда Сазды өзенінің деңгейі көтерілген. Бірақ қауіп жоқ.