«Қымбат техникаға қақ тұрып, істен шығады»: «Зенченко және К» СҚО-дағы су сапасына шағымданды
Петропавл қаласының тұрғындары да құбырмен келетін ауыз судан жағымсыз иіс шығып тұратындығына жиі шағымданады
Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері ауыз су сапасына шағымданды. Бизнесмендердің айтуынша, құбырмен келетін суды кейбір өндіріс орындарында пайдалану мүмкін емес. Себебі кермектің кесірінен қымбат техника істен шығады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қымбат техника үшін сүзгі алады
«Зенченко және К» командиттік серіктестігі Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі шаруашылықтардың бірі. Оның құрамындағы «Сүт зауыты» кәсіпорнының өнімдері теріскейде ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жоғары сұранысқа ие. Шаруашылық өзін-өзі шикізатпен қамамасыз етеді. Сиырды сауудан бастап, қаймақ, айран, ірімшік, қатық сынды тағы басқа сүт өнімдерін шығару процесі толықтай автоматтандырылған. Сүт зауытының басшысы Георгий Целыхтың сөзіне қарағанда құбырмен келетін ауыз сумен қондырғыларды жуу мүмкін емес. Себебі, кермектің кесірінен қымбат техникаға қақ тұрып, істен шығады. Кәсіпкер арнайы сүзгіш құралын орнатуға мәжбүр болған. Олай етпейінше Германиядан арнайы тапсырыспен алынған қымбат техника істен шығады.
«Жаңа сүт зауытын салдық. Қымбат қондырғы сатып алдық. Өндіріс орнында су көп пайдаланылады. Оның сапасы сын көтермейді. Тіпті техниканы жууға пайдалану қауіпті. Қымбат қондырғылар сынып қалмас үшін тағы да шығынданып, сүзгі алуға тура келді. Зауыт қондырғысын былай қойғанда үйдегі шәйнектің іші бір айдан кейін қақ болып кетеді», - дейді «Зенченко және К» командиттік серіктестігі «Сүт зауыты» компаниясының директоры Георгий Целых.
Мамандар бұл жағдайды Есіл өзенінің суының құрамының ерекшелігімен түсіндіреді. Есіл - Солтүстік Қазақстан облысын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз табиғи су қоймасы.
«Бүгінгі күні суды тазалау үшін қолданылып жүрген әдістер оны жұмсартуға мүмкіндік бермейді. Ол үшін тіршілік көзін сүзуге арналған заманауи нысан салынуы керек. Бұл үлкен шығынды талап етеді. Оған республикадан қаржы бөлінуі керек деп ойлаймын. Уақыт озған сайын судың сапасы төмендеп келетіні шындық»,- дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Татьяна Горлова.
Сүзгіден өткен су таза ма?
Петропавл қаласының тұрғындары құбырмен келетін ауыз судан бірде жағымсыз, бірде хлор иісі шығып тұратындығына да жиі шағымданады. Оны қаланы тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» ЖШС мамандары да растайды.
«Пәтерге құбыр арқылы келетін суды асқа пайдалану мүмкін емес. Хлордың жағымсыз иісі шығып тұрады. Денсаулығымызды ойлап, арнайы сүзгіш құрал орнаттық. Оның бағасы арзан емес, 150 мың теңгеден асып кетті. Белгілі бір уақыт өткенде ішкі сүзгілерін ауыстырып отыру керек. Сарғыш қоңыр түсті зат жиналып қалады. Қазір тамаққа сүзгіден өткен суды ғана пайдаланамыз. Бұған дейін крандағы суды қайнатып ішетінбіз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жаңыл Ыдрысова.
Құбыр суын асқа пайдаланбайтындардың бірі - Айгүл Ақпанова. Ол қымбат сүзгі сатып алмаса да далада әр үйдің іргесінде орнатылған қондырығының суын алады. Тіршілік көзінің бір литрі 10 теңге.
«Үйде кішкентай балалар болған соң суды көп ішеді. Фильтрден әкеліп қоямыз. Тамақ әзірлеуге де соны пайдаланамыз. Көршілердің барлығы сонда жүгіреді. Тіпті кейде кезек болып, сүзгіден өткен су бәріне бірдей жетпей қалатын күндер болады. Әсіресе, жұрт жұмыстан қайтатын кешкі уақытта. Күніне 15 литр су аламыз. Құбырдағы судың сапасына көңілім толмайды. Тіпті шаштың өзі қатып қалады. Сондықтан түрлі бальзамдар пайдалануға тура келеді», - дейді жас ана.
«Қызылжар су» ЖШС облыс орталығымен қатар, жақын маңдағы елді мекендерді де ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Мекеме мамандары кәсіпорында тәулік бойы әр екі сағат сайын судың құрамы зертханада тексеріліп, сараптама жасалатындығын айтады.
«Бізге судың мөлдір болмайтынын, жағымсыз және хлор исі шығатынын айтып шағымданатындар бар. Біз олардың үйіне барып, судың сынамасын аламыз. Краннан суды дұрыс құйып алу маңызды. Суды бір тәуліктен артық сақтауға болмайды. Оның борсып кететіні қалыпты жағдай. Сондықтан краннан су құйып алмас бұрын, 10 минут бойы ашып қою керек. Содан кейін алынған сынаманы тексергенде барлығы мемлекеттік стандартқа сай келеді. Қазір көпшілік көшеде орнатылған сүзгілерден су алып ішеді. Біз оның құрамын да зерттеп көрдік. Оның адам ағзасына пайдалы минералдары, түрлі элементтерінің барлығы сүзілген. Жай ғана тазартылған су. Ешқандай пайдасы жоқ. Өзім ешқандай сүзгіден өтікзбей, крандағы суды ішемін», - дейді «Қызылжар су» ЖШС зертхана меңгерушісінің орынбасары Галина Тюменева.
«Қыжылжар су» серіктестігінің тұтынушылары орта есеппен жылына 12 миллион текше метр су пайдаланады. Халық тіршілік көзінің сапасына сенімнен гөрі, күдікпен қарайды. Сондықтан тұрғындардың басым көпшілігі түрлі сүзгіден өткен ауыз суды ғана пайдаланады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО