Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатына қатыса алмайды
Оған себеп - алған жарақаты
Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы әлем біріншілігінің және «Төрт құрлық чемпионатының» күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева белінен алған жарақатына байланысты наурыз айында өтетін әлем чемпионатына да қатыса алмайды. Бұл туралы спортшы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтқан.
«Жарақатымнан толық айыққан жоқпын. Сол себепті, наурыз айында Канаданың Монреаль қаласында өтетін әлем біріншілігіне бара алмаймын. Менің қазіргі мақсатым – жарақатымнан құлан-таза айығып, келесі маусымда жақсы өнер көрсетуге тырысу», - дейді спортшы.
Ал, жарақатты нақты қашан, қай сәтте алғанын өзі де нақты айта алмайды.
«Нақты осы уақытта деп айта алмаймын. Көптеген күш пен ауыртпалықтың жиналуынан пайда болған сияқты. Бүгінде емделу үстіндемін. Дегенмен, жарақаттан толық сауығып кету үшін уақыт керек», - дейді спортшы.
Мәнерлеп сырғанаудан 110 чемпионат 16-22 наурыз аралығында Монреальдың Белл-центр аренасында өтеді. Жарыс әдеттегідей ерлер және әйелдер арасында, сондай-ақ жұптасып өнер көрсету бойынша өтеді.