«Айка» фильмінің режиссері тамаққа ақша жеткізе алмай жүр
Кинотуындыда қазақ актрисасы Самал Еслямова басты рөлді сомдаған
Кинематографист Сергей Дворцевой «Медуза» басылымына берген сұхбатында «Айка» фильмінің түсірілімін уақытынан кешіктергені үшін Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі 7,5 миллион рубль айыппұл салғанын айтқан. Бұл теңгеге шаққанда 45 млн 750 мың теңге. Кинолентаның жалпы бюджеті 100 млн рубль, оның 28 млн рублін мемлекет, қалғанын инвесторлар берген.
Режиссердің сөзінше, 2012 жылы басталып, екі жылда бітуі тиіс болған фильмнің жұмысы 6 жылға созылып кеткен. Оған кадрға қажет кезінде, екі қыс бойы Мәскеуде қардың жаумай қалғаны себеп болыпты. Оның үстіне түсірілім уақытында туындының неміс продюсері қайтыс болып, Еуропадан қаржыландыру тоқтап қалған. Ал сырттан келген кей актерлер аяқ астынан жобадан бас тартқан.
Режиссер Мәдениет министрлігі расымен айыппұл салады деп күтпепті. Қарыздың нақты сомасын тек Канн фестивалінен кейін білген.
«Мен Мәдениет министрлігіне барлығын ашық айттым. Картинаның объективті себептермен созылып жатқанын түсіндірдім. Олар менің қиын жағдайда екенімді түсінді, дегенмен «айыппұл төлейсіз» деді. Ал мен «Мен енді не істеймін? Фильмді тастап кетейін бе? Ол жап-жақсы түсіріліп жатыр» деп түсіндіріп бақтым. Әріптестерім менің ақшаны қалай үнемдейтінімді біледі. Енді, міне, қазір қарызға батып отырмын. Бәрі фильмнің сәтті шыққанын, менде қазір тамаша екенін айтады. Ал маған кейде, тіпті, тамаққа ақша жетпей қалады, - деген С.Дворцевой сұхбатында.
Ол сонымен бірге қазір өте ескі көлік мініп жүргенін, кімнен көмек сұрарын білмей басы қатқанын да айтқан. Ал қаржыны басқа киноларға сценарий жазып, Еуропада бір реттік мастер-кластар өткізіп тауып жүр екен.
Айта кетейік, С.Дворцевойдың қырғыздың эмигрант әйелі жайлы «Айка» кинокартинасында басты рөлді қазақ актрисасы Самал Еслямова сомдаған. Ол Канн фестивалінде «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алды. Фильм «Оскардың» шорт-листінде болды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан