Елорда әуежайы қайта жұмыс істей бастады
Әуежай қызметкерлері жолаушылардан ертерек келуді сұрайды
Бүгін, яғни 30 наурызда сағат 00.00-ден бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекеновтың хабарлауынша, рейстер кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр.
«Ұшу, ұшып келу, кешіктіру туралы толық ақпарат алу үшін әуежайдың ақпараттық бөліміне және авиакомпаниялардың call-орталықтарына хабарласыңыз. Әуежайда ұшу-қону жолағын қардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Көшеде көктайғақ болғандықтан, жолаушылардан әуежайға ертерек келуін сұраймыз», - деді Ә. Шәлекенов.
Еске салсақ, сейсенбі, яғни 29 наурыз күні күні елордада әуежай қатты жел мен көрудің нашарлығына байланысты сағат 00.00-ге дейін уақытша жабылған болатын.