Отандық вагон өндірісіне субсидия беріледі – ИИДМ
«Қазақстан темір жолы» 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отыр

Отандық өндірісті қолдау мақсатында вагон операторлары үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл «Қазақстан темір жолы» 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
«Жүк тасымалдарын одан әрі дамыту мақсатында министрлік отандық электровоздар (ALSTOM) мен тепловоздарды (ЛКЗ GE) сатып алғанда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдауды заңнамалық түрде енгізуді ұсынады», - деді ол.
Бұдан бөлек, экспорттық жүктерді контейнерлеу бойынша бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр.
«Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірді. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» отандық контейнерлерді өндірушілер мен сатып алушылар үшін жеңілдікпен кредит беру тетігін іске қосады», - деді Қайырбек Өскенбаев.