Нұр-Сұлтанда Pfizer екпесін қайдан алуға болады?
Қаулыға сәйкес қазір Pfizer барлық азаматтарға қолжетімді

Елордада Pfizer-мен вакциналау алғашқы буын медұйымдарында және «Абу Даби Плаза» СОО-дағы вакциналау пунктінде жүргізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қазір Pfizer вакцинасы барлық азаматтарға вакцинация және ревакцинация үшін қолжетімді.
«Дегенмен қалалық Денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта вакцинация модуліне Pfizer вакцинасы бойынша тиісті өзгерістер енгізіліп жатқанына назар аударып, пациенттің деректерін сандық базаға, яғни электронды түрде енгізу әлі мүмкін емес екенін хабарлайды. Бұл жұмыс біраз уақыт қағаз жүзінде жүргізілетін болады. Ведомство барлық деректерді толтыру бойынша медицина қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарауды сұрайды.
Шетелге шығатын адамдарға растайтын құжаттар ұсынылған кезде КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын қайтадан жүргізуге жол беріледі. Бұл ретте вакцинаны таңдау сапарға шығу жоспарланған елдің талаптарына байланысты жүргізіледі.
КВИ-ға қарсы соңғы екпе мен КВИ-ға қарсы вакцинацияның қайталама толық курсы арасындағы аралық кемінде 3 ай болғаны жөн. Егер дозалар арасындағы аралық 3 айдан аспаған болса, алынған ревакцинацияны вакцинациялаудың толық курсын қайта жүргізу кезінде екпенің бірінші дозасы ретінде есепке алынады», - делінген ведомство хабарламасында.
Мамандар қайта вакцинациялау екі компонентті бірдей қабылдап толық иммунадаудан өтуді қарастырады, ал ревакцинация – біреуін ғана қабылдау деп түсіндіреді.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл үшін елордада америкалық препараттың вакциналары жеткілікті – 1 және 2 компонентті 166 мың мыңнан астам доза. Сондай-ақ, Sinopharm Verocel, Qazvac вакциналары қала тұрғындары үшін қолжетімді.