Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмектің жаңа партиясын жіберді
17,5 тонна болатын жүк төсек-орын және тамақ сияқты қажетті заттарды қамтиды
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы рейс ұйымдастырды. Ол Алматы қаласынан Польшаның Катовице қаласына Украина азаматтары үшін гуманитарлық көмектің кезекті партиясын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы салмағы 17,5 тонна болатын жүк төсек-орын және тамақ сияқты қажетті заттарды қамтиды. Бұған дейін Қазақстан жалпы салмағы 28,2 тонна болатын 17 түрлі дәрі-дәрмек – антибиотиктер, қабынуға қарсы, жөтелге қарсы және антигипертензивті препараттар түрінде гуманитарлық көмек жіберген болатын. Көрсетілген көмек Украина тарапының өтініші негізінде Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
Қайтар жолда жүкті жеткізген «Бүркіт» мемлекеттік әуекомпаниясының Ил-76 ұшағы қазақстандық дипломаттардың көмегімен Украинадан Польшаға келген ондаған ҚР азаматы мен олардың отбасы мүшелерін алып келеді деп жоспарланып отыр.