Президенттің сыйлығы Алматыдағы Оқушылар сарайына жеткізілді
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы іссапары кезінде оқушыларға телескоп сыйға тартқан болатын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматыдағы Оқушылар сарайына сыйлық ретінде жаңа мектеп автобусы берілді. Онда балаларды түрлі конкурстарға, жарыстар мен фестивальдарға апару жоспарлануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Автобус барлық заманауи талаптарға жауап береді және жүру үшін ыңғайлы, соның ішінде әртүрлі ауа райы жағдайында алыс қашықтыққа сапар шегуге арналған.
Автобус сондай-ақ ауаны реттеу және жылыту жүйелерінен басқа, автокөлік 4 бейнебақылау камерасымен, аялдама туралы жүргізушіні хабардар ету батырмасымен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандуспен және т. б. жабдықталған», - делінген Алматы қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Сонымен қатар Оқушылар сарайына сапары барысында Президент Алматы әкімдігіне 2023 жылдың 15 желтоқсанына дейін Оқушылар сарайының обсерваториясын жаңғырту аясында заманауи кәсіби телескоп орнатуды тапсырды.
Айта кетсек, 21 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы іссапары кезінде Оқушылар сарайына барған еді. Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, оларды Наурыз мерекесімен құттықтап, балаларға сыйлықтар табыс етті, оның ішінде соңғы буын оқу телескопы да бар.