Жаңақорғанда колледж директорының бұрын «экстремистік» бап бойынша сотты болғаны анықталды
Ол колледж басшысы лауазымына 2019 жылдың сәуір айында тағайындалған
Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жомарт Шауеновтің «экстремистік» категорияға жататын алауыздықты қоздырғаны туралы бап бойынша соттылығын растады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚазТАГ-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Колледж директоры лауазымына орналасуға конкурс жариялау кезінде Ж.Шауенов соттылығының жоқтығы туралы анықтама ұсынды. Алайда Жаңақорған аудандық сотының 2012 жылғы 29 мамырдағы үкімімен Ж.Шәуенов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 164-бабының 1-бөлігінде (рулық араздықты қоздыру) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылғаны анықталды. Аталған әрекет экстремизмнің белгілері бар қылмыстарға жатады», - делінген прокуратура жауабында.
Бұл ретте экстремистік қылмыстар үшін сотталған азаматтардың кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге құқығы жоқ екені атап көрсетіледі.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, білім беру саласындағы ұйымдарда экстремистік қылмыстары үшін соттылығы бар адамдардың жұмыс істеуіне жол берілмейді. Аталған фактіні назарға ала отырып, облыс прокуратурасы басқарма басшылығының атына 2022 жылғы 17 ақпанда қадағалау актісін енгізді», - делінген құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, Шауенов колледж басшысы лауазымына 2019 жылдың сәуір айында тағайындалды. Ол колледж директоры қызметіне келгеннен кейін оқу орны ұжымының бір бөлігі жұмысынан айрылды.