Петропавлда жылу электр орталығының директоры мен бас инженері қамауға алынды
20 наурыз күні кешке Петропавл жылу электр орталығының алып мұржаларының бірі құлаған болатын
Петропавлда апат болған жылу электр орталығының директоры мен бас инженері қамауға алынды. Күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні кешке Петропавл жылу электр орталығының алып мұржаларының бірі құлаған болатын. Салдарынан жұмыс істеп тұрған 4 қазандықтың екеуі істен шықты. Қысым төмендегендіктен тұрғын үйлер салқындап кетті.
Стратегиялық нысанның жұмысын қадағалаушы органдардың да қызметі жан-жақты тексерілмек. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Кәіпорын жұмысшысы, 37 жастағы әйелді іздестіру жұмыстары жалғастыруда. Алдын ала болжам бойынша ол бетон үйінділерінің астында қалып қоюуы мүмкін. Ол машинист-тексеруші болып жұмыс істеген. Жолдасы да осы мекемеде қызмет атқарады. 15 жастағы баласы бар.
«Апаттық құтқару жұмысы жүріп жатыр. Үйіндіні техниканың көмегімен тазалау мүмкін емес. Кейбір бағандарды кесіп алып тастауға тура келеді. Қауіпсіздік техникасына байланысты жұмыс күндіз ғана жүргізіледі. Иісшіл ит көрсеткен жер 50 шаршы метр. Сол аумақта жұмыс істеп жатырмыз. Нұр-Сұтан қаласынан көмекке құтқарушылар шақырылды. Әр топ 1 сағат жұмыс істеп, ауыстырылады. 60 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыны тірі табамыз деп үміттенеміз», - дейді Рамиль Камалов.
Іздестіру жұмыстары кеше кешке тоқтатылған болатын. Бүгін таңертең қайта жалғасты. Жылу орталығының жұмысшыларын түгендеу кезінде бір адамның жоғы анықталған. Оны іздестіру жұмыстарының жалғасып жатқанына 3 тәулікке жақын уақыт болды.
Петропавл жылу электр орталығы 1960 жылы салынған болатын. Нысанда содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қондырғылардың 56 пайызы тозған. Жылыту маусымы басталғалы бірнеше рет апат болды. Салдарынан буға күйіп қалған екі адам көз жұмды. Қазандықтар бірнеше рет істен шықты.