Елімізде арнаулы білім беру ұйымдарына түсу үшін өтінім қабылдау жүріп жатыр

Azattyq Rýhy

Қабылдау 1 сәуірге дейін жалғасады

Елімізде арнаулы білім беру ұйымдарына түсу үшін өтінім қабылдау жүріп жатыр

Қазақстанның барлық өңірінде дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарына түсуге өтініштер қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқушылар арасында конкурстық іріктеу 2022-2023 оқу жылына түсу үшін өткізіледі. Үміткерлер осы жылдың 1 сәуіріне дейін www.qabyldau.daryn.kz сайтында онлайн тіркеліп, құжаттарын тапсыра алады. Сонымен қатар тіркеуді көрсетілген мерзім ішінде таңдалған мамандандырылған білім беру ұйымында тікелей өтуге болады.

«Арнаулы білім беру ұйымдарына 5, 6, 7-сыныптар қабылданады. Ол үшін баланың ата-анасы немесе заңды өкілдері өтініш беріп, мынадай құжаттарды ұсынуы керек: оқушының туу туралы куәлігінің көшірмесін, баланың оқу орнынан анықтама және оның фотосуреті. Байқаудың өтетін күні туралы қосымша хабарлаймыз», - делінген ведомство хабарламасында. 

Емтихандар тестілеу форматында өткізіледі. Оқуға түсушілер математика, логика, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бойынша емтихан тапсырады. Конкурстық іріктеудің барлық тест тапсырмасы логикалық тапсырмаларды қамтитын оқу бағдарламасы негізінде құрастырылған. Тестілеу әр өңірдің негізгі мектептерінде өткізіледі.

Талапкерлерді арнаулы білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ең жоғары балл санына қарай жүзеге асырылады. Арнаулы білім беру ұйымдарына қабылдау туралы толық ақпарат www.qabyldau.daryn.kz сайтында орналастырылған.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.