Петропавл жылу орталығындағы апат себебін анықтау үшін басқа өңірлерден мамандар шақырылды
Олар мұржаның жағдайын зерттеп, сараптама жасауы тиіс
Петропавл жылу электр орталығында мұржаның құлау себебін анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан, Павлодар және Өскемен қалаларынан мамандар шақыртылды. Апаттың неден болғаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәсіпорын жұмысшыларын түгендеу кезінде 34 жастағы әйелдің жоғалып кеткені анықталды. Кешеден бері іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
Петропавл жылу электр станциясының үш мұржасының бірі опырылып құлағаны туралы жазған едік. Оқиға орнында төтенше жағдай мен полиция қызметі жұмыс істеп жатыр. Жоғалған адамды іздестіру жұмыстарына кинологиялық қызмет те тартылған. Қызметтік иттің көрсеткен жерін құтұқарушылар ешқандай техниканың көмегінсіз тазалауда. Облыстық төтенше жағдай жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша олардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұр. Барлық сақтық шаралары сақталуда. Үйінділерді тазалап, жоғалған жұмысшыны іздеу үшін 15 құтқарушыдан кезектесіп жұмыс істеуде. Төтенше жағдай департаментінің мамандары бұл шаруа оңайға түспей жатқанын жеткізді.
«Апаттық құтқару жұмысы жүріп жатыр. Үйіндіні техниканың көмегімен тазалау мүмкін емес. Кейбір бағандарды кесіп алып тастауға тура келеді. Қауіпсіздік техникасына байланысты жұмыс күндіз ғана жүргізіледі. Иісшіт ит көрсеткен жер 50 шаршы метр. Сол аумақта жұмыс істеп жатырмыз. Нұр-Сұтан қаласынан көмекке құтқарушылар шақырылды. Әр топ 1 сағат жұмыс істеп, ауыстырылады. 60 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыны тірі тамамыз деп үміттенеміз», - дейді Рамиль Камалов.
1300 ШАРШЫ МЕТР ЖЕР ҮЙІНДІ АСТЫНДА ҚАЛДЫ
Нысанды полиция қызметкерлері жан-жақтан қоршауға алған. Құтқарушылардан басқа адамдарды ішке кіргізбейді. Құлаған мұржаның биіктігі 150 метр. Оның 40 метрі опырылып түскен. Зақым келген аумақтың қанша екені есептелуде. Үйінділер 1300 шаршы метр жерге шашылып жатыр.
«Таңертең үшінші қазандықты іске қостық. Кешке дейін тағы біреуі қатарға енеді. Үйлердегі жылу температурасы көтеріліп келеді. Жылу жүйесі қалпына келтіріледі. Кеше мұржа құлаған уақытта цехта бір адам жұмыс істеген. Іздестіру жұмыстары жалғастыруда. Ол әлі табылмай жатыр. Зардап шеккен басқа адам тіркелген жоқ. Дәрігерлер көмегіне жүгінгендер тіркелмеді. Қалада электр қуаты мен ыстық су бар. Ол тоқтатылмайды. Әлеуеттік желілерде жазылып жатқан ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Комиссия құрылып, мамандар мән-жайды анықтайды. Апатқа дейін 4 қазандық жұмыс істеп тұрған болатын. Апат кезінде оның екеуі істен шықты. Мамандар жұмыс істеп жатыр. Өскемен, Павлодар қалаларынан адамдар шақыртылды. Басқа қаладардан да көмектесетін мамандар іздеп жатырмыз. Олар мұржаның жағдайын зерттеп, сараптама жасауы тиіс. Әзірге екеуі жетіп тұр. Мұржаны қалпына келтірудің үш нұсқасы бар. Бірі, осылай жұмыс істей беру немесе жөндеу, үшіншісі толықтай ауыстыру. Мұржаның қалған бөлігі құлауы мүмкін бе, жоқ па әзірге белгісіз. Жан-жақты талдаудан кейін барлығы белгілі болады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Облыс әкімінің бұйрығымен жедел штаб құрылды. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұған дейін мұржаның құлауына қатты желдің себеп болуы мүмкін екендігі айтылған болатын.
«Жарық пен ыстық су берілуі тоқтатылған жоқ. Бүгін «Павлодар-Энерго» мекемесінен тағы 30 адам келеді. Барлық жауапты органдармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Техника тапшылығы жоқ. Ертең таңға дейін тұтынушыларды қалыпты температурамен қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын. Мұржада опырылған бөлшектер әлі де ілініп тұр. Оның құлау қаупі бар. Сараптама тағайындалды. Апаттың себебі анықталады. Кеше оған қатты жел әсер еткені туралы айтылды. Бірақ ол бір ғана факторға байланысты емес деп ойлаймыз. Шынайы баға беріледі. Нәтижесі халыққа жарияланады. Биыл жазда күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Мұржалардың салынғанына 60 жылдан асты. Әр 5 жыл сайын жағдайы бағаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Бірақ мұндай жағдай болатынын болжай алмадық. Шығын көлемі есептеледі. Жылу орталығында қазандық цехының бір бөлігіне зақым келді. Халықтан осындай жағдай болғаны үшін кешірім сұраймын. Құлаған мұржа арқылы 5 қазандықтың түтіні шығады. Табылмай жатқан адам 37 жастағы әйел. Жолдасы да осында жұмыс істейді. 15 жастағы баласы бар. Оның тезірек табылуын тілеймін. Екеуі де өте жақсы адам», - дейді «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде ыстық су мен жылудың жоқтығына әлі де шағымдануда. Төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдап, жағдайды тез арада қалпына келтіруді тапсырды.
Эльмира Мәмбетқызы