Шығыс Қазақстанда көлік қағып кеткен 3 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Шығыс Қазақстанда көлік қағып кеткен 3 бала жансақтау бөлімінде жатыр
Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында Nissan Skyline маркалы автокөліктің 25 жастағы жүргізушісі үш баланы қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы 19 наурыз сағат 15.00 шамасында Шемонаихадағы Вокзальная көшесінде орын алды.

Апат салдарынан 4, 9 және 15 жастағы балалар зардап шекті. Олар түрлі жарақатпен Шемонаиха ауданының ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды.

Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі (абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Nissan Skyline автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бірқатар сот сараптамалары тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.