Павлодарда бес қабатты үйден өрт шығып, адамдар құтқарылды
Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарындағы қысқа тұйықталудан шыққан

Павлодарда түнде бес қабатты үйден өрт шығып, адамдар құтқарылды. Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт сөндірушілер 37 жастағы ер адамды өрттен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Қазір жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ, қызметкерлер балкон арқылы төрт адамды, оның ішінде екі баланы құтқарып, үй тұрғындарын алып шыққан.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, өрт туралы хабарлама 19 наурызда сағат 23.00-де түскен. Екінші қабатта орналасқан бір бөлмелі пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанған. Өрт жалпы аумағы 8 шаршы метр жерді шарпыған.
"№3 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері Ерғали Кәрімжанов, Дамир Қабылбек, Әсет Әубәкіров және Олег Лопатенко 1985 жылы туған пәтер иесін аман алып қалды. Ол пәтерге кіреберісте ес-түссіз жатқан күйде табылды. Өрт сөндірушілер жәбірленушіні кіреберіс есіктен алып шығып, құтқарды. Қызметтің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары альпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, екінші қабаттың балконы арқылы төрт адамды, оның ішінде екі баланы құтқарды", - деді баспасөз қызметі өкілдері.
Өрт сөндірушілерге Апаттар бойынша медицина орталығының дәрігерлері көмекке келген. Дәрігерлер жәбірленушінің жүрегіне массаж жасаған. Тынысы мен жүрек соғысы байқалғаннан кейін ер адам Павлодардағы бірінші қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Ведомство мәліметінше, 11 тұрғын, оның ішінде екі бала, өрт сөндірушілер көмегімен сыртқа шығарылған. Өрт сағат 00.27-де сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарындағы қысқа тұйықталудан шыққан. Өрт орнында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, Апаттар медицинасы орталығының, "102" және "103" қызметтерінің жеке құрамынан 42 адам мен 8 техника жұмыс істеген.