Жамбыл облысында 500-ден астам шетелдік жауапкершілікке тартылды
Сот шешімімен 123 шетелдік Қазақстаннан тыс жерге шығарылды
Жамбыл облысында 500-ден астам шетелдік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
504 шетелдік "Мигрант" жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 117 мигрантқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
"Шетелдіктерді қабылдайтын Қазақстан азаматтарының көші-қон заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін 260 адам жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 40 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев.
Сот шешімімен 123 шетелдік Қазақстаннан тыс жерге шығарылды. Оларға Қазақстан аумағына 5 жылға дейін кіруге тыйым салынды.
Сондай-ақ бұрын елден шығару туралы сот шешімін орындамаған және облыс аумағында заңсыз жүрген 14 шетелдік мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды.