Баррикадаларға шақыратын политикандардың сөзі жүрмеуі керек – Дана Нұржігіт
Ол Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тарихи құжат деп айтуға болады. Бұл сан саланы қамтыған, сараланған салмақты стратегиялық жоспар. Мұндай пікірді Сенат депутаты Дана Нұржігіт білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент ендігі жерде ешқандай партияны басқармайды, мүше де болмайды. Әкімдер жергілікті басқару органдарының бас менеджері ғана болады. Азаматтық ұстанымы бекем, белсенді әрбір қазақстандық азамат парламенттік сайлауға түсіп, мемлекеттің өркендеуіне үлес қосуына хақы бар», - дейді сенатор.
Жоғары палата депутаты өз пікірінде азаматтық қоғамның рөлі күшейіп, қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдерінің бірге бас қосып, ұлттық жобаларды ашық платформаларда талқылайтынын айтты.
Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық құрылымдағы өзгерістерге қатысты ойымен бөлісті.
«Әкімшілік-аумақтық құралымдардағы өзгеріс, аумақ атауларының өзі жер иесі – мемлекет құраушы ұлт екенін айқындай түсті. Осылайша, Семей қаласы Абай облысының орталығы, Жезқазған Ұлытау облысының орталығы болды. Бүгінгі Алматы облысы екіге бөлініп, бір жағы орталық қаласы – Талдықорған болатын Жетісу облысы, екінші жағы Қапшағайда орналасқан орталығы бар Алматы облысы деп аталды. Президент «Халық бастама көтерсе, Қапшағайды Қонаев қаласы деп өзгертуге дайынмын» деді.
Сайып келгенде, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен халқымның бүгін бақытты болғанын» қалаймын деді. Міне, осы сөзінен шығады, ол жақын арада мемлекеттік басқару жүйесін дебюрократизациялау Жарлығына қол қояды. Бұл мемлекеттік басқару аппаратының заманға сай жылдам қозғалуына әсер ететін құжат болмақ. Біз онсыз да көп уақыт жоғалттық. Баррикадаларға шақыратын политикандардың сөзі жүрмеу керек бүгінде! Бүгінгі Қазақстанға сөз емес, іс керек!», - деді өз пікірінде Сенат депутаты.