Саясат Нұрбек: Президенттің құзыретін шектеу – демократизацияның жаңа саяси моделіне көшуіне жасалған алғашқы қадам

Azattyq Rýhy

«Біз суперпрезиденттік модельден парламенттік модельге көшіп жатырмыз...»

Фото ашық дереккөзден

Әлемдегі бүгінгі геосаяси ахуал күрделі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жариялаған Қазақстан халқына жолдауында да айтты. Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбектің сөзінше, мұндай қиындыққа қарамастан Президент өзінің құзыретін батыл түрде шектей білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір конституциялық модель өзгеріп жатыр. Біз суперпрезиденттік модельден парламенттік модельге көшіп жатырмыз. Бұл біріншіден президенттің құзіреттерін шектейді. Яғни бұл саяси экономикалық монополияларды шектейді. Бұдан бөлек, енді мәслихаттардың да рөлі күшейеді. Бұған дейін әкімдіктер мәслихаттарды өздерінің ыңғайына қарай сайлап, реттеген. Енді мәслихаттардың да рөлі арта бастады», - дейді Саясат Нұрбек.

Саясаттанушының пікіріне сүйенсек, президенттің құзыретін шектеу – бұл демократизацияның жаңа саяси моделіне көшуіне деген алғашқы қадамдардың көрінісі. Бұл тұста парламент қабырғасында да бірқатар өзгеріс болуы мүмкін.

«Партияға қатысты үлкен шешімдер қабылданды. Олар біздің Ұлттық кеңестің алаңында талқыланған тақырыптар. Енді бірнеше партия ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, пропорционалды мажоритарлық жүйеге көшкен жағдайда жаңа партиялар белсенді болса, өздерінің өкілдерін тікелей Парламентке жіберуге мүмкіндіктері болады», - дейді Мәжіліс депутаты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.