Мемлекет басшысы: Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын

Azattyq Rýhy

Ол осылайша Мәжілістің мәртебесі артатынын айтты

Мемлекет басшысы: Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында Мәжілістің мәртебесін нығайту керектігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз сөзінде Президент еліміздегі Есеп комитетін жоюды ұсынды.

«Төменгі палатаның кұзыретін кеңейту қажет. Елімізде көптеген ауқымды жоба, бағдарлама бар. Бірақ түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс. Осылайша Мәжілістің мәртебесі арта түседі», - деді Призидент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәслихат мәселесін де тілге тиек етті. Нақтырақ айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды.

«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.