16 наурызда ауа райы қандай болады
Республика аумағында әлі де жауын-шашынды ауа райы сақталады
Синоптиктер сәрсенбі, яғни 16 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуімен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын, республиканың солтүстік жартысында негізінен қар түрінде, оңтүстік жартысында негізінен жаңбыр түріндегі жауын-шашын жауады, оңтүстіктің, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. ҚР бойынша жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады. Республиканың оңтүстігінде найзағай ойнайды», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Атап айтқанда, Түркістан облысының таулы, тау бөктерлі аудандарында тұман түсіп, күндіз найзағай ойнайды, батысында және таулы аудандарында жел 15-20 м/с күшейеді.
Алматы, Жамбыл облыстарының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман түсіп, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында жел 15-20, кей уақытта екпіні 23 м/с дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстігінде, батысында, Қостанай облысының оңтүстігінде желдің күші 15-20 м/с жетіп, Қостанай облысының шығысында, оңтүстік-шығысында тұман түседі.
Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде тұман түсіп, күндіз солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ болады, солтүстігінде, солтүстік-шығысында жел 15-20 м/с күшейеді.
Атырау облысының солтүстік-шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ болып, желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Қызылорда облысының орталығында тұман түсіп, күндіз жел 15-20 м/с күшейеді, күндіз облыстың орталығында және оңтүстігінде көктайғақ болады.
Ақмола облысының оңтүстігінде, солтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысында тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысында жолдарда көктайғақ болып, түнде солтүстікте, шығысында тұман түседі.
Маңғыстау облысында көктайғақ болып, тұман түседі.