Отандық ғалымдар қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалау жүйесін әзірледі

Azattyq Rýhy

Жоба қазірдің өзінде 17 мемлекеттік және жекеменшік емханада енгізілген

Отандық ғалымдар қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалау жүйесін әзірледі

Отандық ғалымдар диабеттік ретинопатияны қашықтан диагностикалауға арналған бірегей бағдарламалық жоба әзірледі. Ол көз түбінің ауруларын 90% дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Ол қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола облыстарындағы 17 мемлекеттік және жекеменшік емханада енгізілген.

Бірегей скрининг жүйесін әзірлеуші Еркебұлан Жәнібекұлының айтуынша, көз түбін суретке түсірудің жаңа цифрлық әдісі офтальмоскоптың көмегімен көз түбін тексерудің қолмен жасалатын әдісіне қарағанда объективті болып есептеледі. Сондай-ақ ол дәрігер мен пациенттің уақытын және қаражатын үнемдейді.

«Біздің жүйе диагностикада жаңа тәсілді көздейді. Енді науқастың көз түбін суретке түсіруді шалғай ауылдық елді мекендегі медициналық персонал жүргізе алады, ал аудан немесе облыс орталығындағы офтальмолог дәрігер қашықтан қорытынды жасай алады. Сонымен қатар жасанды интеллект алгоритмі диабеттік ретинопатияның болуын, оның сатысын жоғары дәлдікпен анықтайды және көз түбінің толық сипаттамасын береді. Диабеттік ретинопатия – қант диабетінің асқынуы және ол толық соқырлыққа әкелуі мүмкін. Сол себепті ауруды ерте кезеңде анықтау өте маңызды. Біздің жүйедегі жасанды интеллект алгоритмінің дәлдігі 91%-ды құрайды», - деп түсіндірді ғалым Еркебұлан Жәнібекұлы.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – дәрігердің қорытындысы EyeLab платформасы мен Damumed медициналық ақпараттық жүйесін біріктіру арқылы пациенттің электронды денсаулық паспортына тіркеледі. Алдағы уақытта платформаны енгізілу арқылы диабеттік ретинопатияның скринингтік процедурасын толығымен цифрландыру жоспарланып отыр.

Халықаралық диабет федерациясының дерегі бойынша, 2021 жылы әлемде қант диабетімен ауыратын 537 млн ересек адам тіркелген. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 400 мың адамды құрайды. Отандық ғалымдар әзірлеген қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалаудың жаңа жүйесі халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін, қолжетімділігін және сапасын айтарлықтай арттырады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.