Елімізде мектеп түлектері арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс артты
Бұл мектеп оқушылары арасындағы олимпиада кезінде белгілі болды
Биыл жастар арасында педагогикалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс артты. Қазақстандық мектеп және колледждердің 7685 түлегі республикалық SPT-2022 олимпиадасына қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл олимпиадаға қатысушыларарасында екі шет тілі, IT және Бизнес мектебі мамандықтарына қызығушылар көп. Алайда, 8 жылда алғаш рет түлектер арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс артты.
Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша I кезеңде 25 ұпайдан жоғары жинаған 3284 қатысушы өтті. Олар 50 логикалық сұраққа онлайн түрде жауап берді. Білім додасының ІІ кезеңі офлайн форматта 13 наурыз күні сағат 11:00-де еліміздің 17 қаласында бір уақытта өтеді. Қатысушылар тестілеуді Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған, Түркістан қалаларында тегін тапсырады.
ІІ турда бейіндік пәндер бойынша 100 тест тапсырмасын орындауға 150 минут, яғни 2,5 сағат уақыт беріледі. Олимпиадаға қатысу арқылы грант ұтып алған түлектер ҰБТ-да шекті балды міндетті түрде жинауы тиіс.
SPT олимпиадасы арқылы СДУ-ға Халықаралық құқық мамандығына грантқа түскен Дидар Беренбаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
«2018 жылы олимпиадаға қатысып білімімді сынап көрдім. Нәтижесінде 100% грант иегері атандым. Олимпиаданың арқасында еліміздің үздік университеттерінің бірінде грант аз бөлінетін «Халықаралық қатынастар» мамандығын тегін оқып жатырмын. Қатысушыларға айтарым, SPT – білім деңгейіңді анықтауға және ҰБТ алдында сенімділікті арттыруға таптырмас мүмкіндік. Өзіңе және ақылың мен біліміңе сен», – деді 4 курс студенті.